OLSHA


Ольга Маркованы еске алуға арналған әдеби сыйлық

Ольга Борисовна Маркова
16.12.1963 - 05.12.2008

Қазақстандық жазушы, әдебиеттанушы, әдеби сыншы, мәдениет пен гуманитарлық ғылымдарды дамытуға арналған «Мусагет» қоғамдық қорының негізін салушы және президенті. 1999-2008 жылдары Алматыда әдебиет курстарын басқарған. Заманауи қазақстандық әдебиетті дамытуға елеулі үлес қосты. Лақап аты – Ольга Марк.

Әдеби сыйлық туралы ақпарат:

Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығы қазақ пен орыс тілдерінде жазатын дарынды қазақстандық авторларды қолдап қана қоймай, олардың басын қосып, алдағы  бірлесіп өркендеуі үшін ортақ шығармашылық кеңістікті қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен қатар, әдеби сыйлықтың тағы бір мақсаты –  Қазақстанда көркем аударма мен әдеби сынды қолдау және дамыту.

Әдеби сыйлықтың байқауы екі тілде келесі бес номинация бойынша өткізіледі: «Поэзия», «Проза», «Балалар әдебиеті», «Әдеби сын» және «Көркем аударма». Қазақстанда тұратын барлық 18-40 жас аралығындағы авторлар байқауға өтінім беруге құқылы. «Әдеби сын» және «Көркем аударма» аталымдарында үміткерлер жасына шек қойылмайды. Бұл жаңа көркем аудармалардың пайда болуына, қазақ тілді мен орыс тілді әдебиеттердің жақындасуына және Қазақстанда әдеби сын саласының дамуына септігін тигізер еді.

Байқаудың әділ өтуі үшін үміткерлердің жұмыстары қазылар алқасына автордың аты-жөнінсіз беріледі, ал қазылар алқасының құрамына тек қазақстандық қаламгерлер ғана емес, шетелдік ақын-жазушылар мен әдеби сыншылар шақыртылған.



Әдеби сыйлықтың күнтізбесі

  • Өтінім қабылдаудың басталуы – 2022 жылдың 1 наурызы
  • Өтінім қабылдаудың соңғы мерзімі– 2022 жылдың 30 сәуірі
  • Лонг-тізімін жариялау – 2022 жылдың 1 шілдесі
  • Шорт-тізімін жариялау – 2022 жылдың 1 қыркүйегі
  • Жеңімпаздар тізімін жариялау – 2022 жылғы қыркүйек айының соңы

МАТЕРИАЛдар:

Әдеби сыйлығының ережесімен мұнда танысуға болады

БІЗДІҢ СЕРІКТЕСТЕРІМІЗ:

АЛМАТЫДАҒЫ АҚШ БАС КОНСУЛДЫҒЫ

2009 жылдың желтоқсанында Америка Құрама Штаттары Алматыда Бас консулдығын ашты. Бас консулдықта Мемлекеттік департаменттің кеңселері (соның ішінде – консулдық, қоғаммен байланыс жөніндегі және саяси-экономикалық бөлімдер), АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID), Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC), Есірткіге қарсы күрес жөніндегі басқарма (DEA), АҚШ-тың Коммерциялық қызметі және Президенттің ЖИТС-тің алдын алу төтенше жоспары бойынша бағдарламасы (PEPFAR) орналасқан. Бұл Консулдық өңір Қазақстанның төрт оңтүстік аймағын (ОБЛЫСТАРЫН) қамтиды. Дегенмен, көптеген Консулдық агенттіктері мен секциялары Қазақстанда және Орталық Азияда кең өкілеттілікке ие.

Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығы сауда, экономикалық даму, демократия мен басқару, гуманитарлық көмек, денсаулықты нығайту және сырқатқа қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау сияқты екіжақты және аймақтық мәселелердің кең аясында жұмыс істейді. Сондай-ақ, Бас консулдық Қазақстандағы Американың азаматтарына және бизнестеріне қызметтерін көрсетеді.

CHEVRON КОМПАНИЯСЫ

Штаб-пәтері Сан-Рамон қаласында (Калифорния штаты) орналасқан Chevron корпорациясы –жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Еншілес кәсіпорындары дүние жүзінде жұмыс істейді. Компания энергия көздерін өңдеудің барлық салаларына: шикі мұнай мен табиғи газды барлауға, өндіруге және тасымалдауға, көлік отынын және басқа энергетика өнімдерін өңдеуге,  өткізуге және таратуға, мұнай-химия өнімдерін өндіруге және өткізуге, электр және геотермалды энергиясын өндіруге қатысады, сонымен қатар энергияны тиімді пайдалану саласындағы техникалық шешімдерді әзірлеумен, сондай-ақ болашақтың энергетика ресурстарын, соның ішінде биоотын меңгеру ісімен де айналысады. Қазақстанда Chevron қоғамды дамытуға бағытталған және мәдениет саласындағы жобаларға қолдау көрсетеді.

Angime әдеби журналы

«Әңгіме» қазақ тілінде «сөйлесу», «баяндау» дегенді білдіреді. Осы бейнені негізге алып, Angime редакциясы қазіргі Қазақстанның бірегей интеллектуалды және мәдени контекстінде халықаралық, көптілді және пәнаралық шығармашылық байланыстарды орнату мен қолдауды мақсат етеді. Журналдың редакторлары –  Назарбаев Университетінің көпұлтты оқытушылар құрамы және тәуелсіз редакторлар.

Дактиль әдеби журналы

«Дактиль» — 2019 жылы қалың әдеби журналдардың үлгісімен құрылған ай сайынғы желілік әдеби журнал. Бастапқыда қазақстандық орыс тілді авторларға арналғанымен, қазіргі уақытта журнал қазақстандық әдебиетпен қатар Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Эстония, Греция, Германия, АҚШ сынды жақын және алыс шетел елдері авторларының шығармаларын жариялап келеді. 2021 жылдан бері қос тілде шығатын журнал қазақ тілді және орыс тілді ақын-жазушылар мен драматургтер үшін бірыңғай алаңға айналды.

Ұйымдастыру комитеті:

ирина гумыркина, ұйымдастырушы, үйлестіруші

Ақын, журналист, қазақстандық «Дактиль» онлайн әдеби журналының бас редакторы және «Поэзия» бөлімінің редакторы. Алматылық ашық әдебиет мектебінде поэзия мен әдеби сын семинарларын (2017-2018, 2020-2021 жылдары), «СТиХИ» баспасының Мәскеу студиясының ұйымдастыруымен өткен поэзия семинарларын бітірген (2021). Шығармалары «Плавучий мост», «Звезда», «Дружба народов», «Юность», «Формаслов», «Крещатик», «Этажи» ресейлік әдеби журналдарында, қазақстандық «Простор», «Тамыр» журналдарында, Literra NOVA альманахында жарияланған. СЭИП қорының Қазақстанда өткен әдеби фестивальдерінің (2019 және 2021 жылдары), Almaty Writing Residency қатысушысы (2021). Екі өлеңдер кітабының авторы. Өлеңдері ағылшын және неміс тілдеріне аударылған.

Ксения Рогожникова, ҮЙЛЕСТІРУШІ

Қазақстандық ақын, балалар жазушысы. Алматыда тұрады. «Мусагет» қоғамдық қорының жазушылық шеберлік курсын,  А.М. Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары әдебиет курстарын (балалар әдебиеті семинарын, 2007-2009 жылдары) бітірген. Екі өлеңдер жинағының авторы, балалар мен жасөспірімдерге арналған үш кітаптың бірлескен авторы. Шығармалары ресейлік және қазақстандық қағаз басылымдарда мен желілік журналдарда (соның ішінде «Полутона», «Формаслов», «Лиterraтура», «Юность», «Дружба народов», «Әдебиет порталы», «Аполлинарий», «Дактиль») жарияланып келеді. Ресей, ТМД және шет елдердің жас жазушыларының форумдарына қатысушы. Алматылық ашық әдебиет мектебінде проза мен балалар әдебиеті семинарын, жастар әдебиеті шеберханаларын жүргізеді.

Дина Махметова, ҮЙЛЕСТІРУШІ​

Драматург, театртанушы, аудармашы. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «театртану» мамандығы бойынша, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аударма ісі мамандығы бойынша тамамдаған. «Мусагет» қоғамдық қорының жазушылық шеберлік курсына қатысушы. Пьесаларының оқылымдары «ARTиШОК» театрында (Алматы, 2005 – 2006 жылдары), «Статус Плюс» студиясының ұйымдастыруымен «Ильхом» театрындағы фестивальде (Ташкент, 2009) өткен. Алматылық ашық әдебиет мектебінде театр және кинодраматургия семинарын, жастар әдебиеті шеберханаларын жүргізеді. Шығармалары Text Only желілік журналында, Literra Nova әдеби альманахында жарияланған.

валерия крутова, PR-менеджер

Жазушы. 1988 жылы дүниеге келген. Жоғары заңгерлік білімі бар. СЭИП қоры ұйымдастыруымен өткен XVIII және XIX Жас жазушылар форумдарына қатысушы. Шығармалары «Дружба народов», «Юность», «Автограф»  журналдарында, «Дактиль», «Лиterraтура», «Формаслов» онлайн әдеби журналдарында, LiterraNova (2018) әдеби альманахында, «Дорога без конца» проза жинағында жарияланған.

Михаил Земсков, ұйымдастырушы, қаржы жөніндегі үйлестіруші

Қазақстандық жазушы әрі драматург. Төрт проза кітабының авторы, шығармалары бірқатар қазақстандық және шетелдік әдеби журналдар мен жинақтарда жарияланған. «Русская премия» әдеби сыйлығының екі мәрте иегері, драматургия байқаулары мен фестивальдерінің финалисті әрі иегері. Ольга Маркова атындағы Алматылық ашық әдебиет мектебінің негізін салушылардың бірі. Қазақстанда өткен әдеби форумдар мен фестивальдердің бірлескен ұйымдастырушысы. С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының сценарий-кинотану факультетін тамамдаған. Мәскеу жазушылар одағы мен қазақстандық ПЕН-клубтың мүшесі. Алматыда тұрады.

2022 ЖЫЛҒЫ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ:

орал арукенова - қазылар алқасының төрайымы

Жазушы, ақын, әдебиеттанушы, аудармашы. Қазақ және орыс тілдерінде жазады. Қарағанды облысының Ақадыр ауылында дүниеге келген. Алматыда шетел тілдері институтын, Германияның Гамбург қаласында менеджмент мектебін тамамдаған. Он бес жыл бойы халықаралық компаниялар мен трансұлттық корпорацияларда басқарушылық лауазымдарды иеленіп келген. Алматыда тұрады. 2015 жылы көркем проза жаза бастап, кәсіптік қызмет саласын түбегейлі өзгертті. Қазіргі уақытта М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының (Алматы, Қазақстан) ғылыми қызметкері болып, докторантурада оқып жатыр. Шығармалары LiterraNOVA альманахында, Қазақстандағы «Әдебиет» порталында, «Эсквайр», «Тамыр», «Простор», Ресейдегі «Нева», Германиядағы Za-Za Verlag  журналдарында, қазіргі қазақстандық проза жинақтарында жарияланып келеді. Проза мен поэзиясы неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. 2018 жылы Meloman Publishing  баспасынан жарық көрген «Нефтянка ережелері» («Правила нефтянки») тұңғыш кітабымен «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби жүлдесінің «Жылдың әдеби дебюті» аталымының иегері атанды.

евгений абдуллаев

Өзбекстанда тұратын орыс ақыны, жазушы әрі сыншы. Әдеби-сын мақалаларын өз атымен, ал поэзия мен прозасын Сухбат Афлатуни деген лақап атпен жариялап келеді. Балалық шағын Наманғанда өткізіп, 1978 жылдан бері Ташкентте тұрып келеді. Ташкент мемлекеттік университетінің философия факультетін тамамдаған (1993). Шығармалары «Арион», «Дружба народов», «Звезда Востока», «Знамя», «Иерусалимский журнал», «Новая Юность», «Октябрь» журналдарында жарияланған. «Октябрь» журналы әдеби сыйлығының (2004, 2006), «Русская премия» сыйлығының (2005), «Триумф» жастар сыйлығының (2006) иегері. «Звезда Востока» журналының редакция алқасының мүшесі, «Дружба народов» журналының редакция кеңесіне еніп отыр. Ташкент Православие Діни семинариясында философия мен логика пәндерінен, ежелгі грек пен латын тілдерінен сабақ береді. Орыс Православие Шіркеуінің Ташкент епархиясындағы «Восток Свыше» журналының бас редакторы (Ортаазиялық Митрополит округі).

 

Алишер Рахат

Қазақстандық жазушы, драматург. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «кинотеледраматургия» мамандығын бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры жас драматургтер арасында өткізген байқауының (2015), Шығыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Терроризмге қарсы драмалық шығарма» байқауының жеңімпазы (2017), «Тәуелсіздік толғауы» республикалық байқауының «Отбасы құндылықтарын айшықтайтын ең үздік пьеса» аталымының иегері (2017), «Драма.KZ» заманауи драматургия фестивалінің финалисті (2018), «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша жеңімпазы (2021). Ташкент қаласында өткен «IV Театр жастары форумының» қатысушысы (2021). Бірқатар пьесалары қазақстандық театрлардың сахнасында қойылды. Шығармалары «Қазақ әдебиеті»,  «Жас Алаш» газеттерінде, «Әдебиет порталы», «Мәдениет порталы», «Қаламгер» сайттарында, «Адырна» және «Литерра» журналдарында жарияланған. «Махаббатым – constant» және «Параллель» романдарының авторы (2019, 2022). Әңгімелері орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылған. «Burshaq» шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі.

алина гатина

Қазақстандық жазушы, әдеби редактор, әдебиет курстарының оқытушысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін, А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының сырттай оқу бөлімін, Олег Павловтың проза семинарын тамамдаған. 2005 – 2007 жылдары «Shahar-Культура» журналының әдеби редакторы, содан кейін жауапты редакторы болып жұмыс істеген. 2019 жылғы «Таврида» арт-фестивалінің Әдеби ауысымына, XX Халықаралық Ресей, ТМД және шетел елдері жас жазушыларының форумына қатысушы (2021), «Алтын Тобылғы» әдеби сыйлығының иегері (2018), А.С. Пушкин атындағы «Лицей» әдеби сыйлығының финалисті (2020), «ФИКШН35» әдеби сыйлығының иегері (2021). Алматыда тұрады. Шығармалары «Дружба народов» журналында жарияланып келеді.

Тілек Ырысбек

Ақын, аудармашы. 1995 жылы Шыңжаңның Мұңғүлкере ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде дизайн мамандығы бойынша білім алған. Қазақ тіліне Хулио Кортасар, Сэмюэл Беккет, Томас Стернз Элиот сынды еуропалық жазушылардың бірқатар шығармаларын, батыс ойшылдарының мақалаларын аударған. «Тамыр» әдеби журналының қазақ бөлімінің редакторы болған. Шығармалары «Тамыр», «Дактиль», «Sygma», «Angime» әдеби журналдарында жарияланған. «Жұмагүлдің әлемі» атты қысқаметражды деректі фильмі IX «Бастау» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Қазір Алматы қаласында тұрады.

 

Анна Маркина

Ресейлік ақын, жазушы, сыншы. 1989 жылы дүниеге келген. Люберцы қаласында тұрады. А.М.Горький атындағы Әдебиет институтын тамамдаған. Шығармалары «Дружба Народов», Prosodia, «Интерпоэзия», «Юность», «Новый Берег», «Кольцо А», «День и ночь», «Крещатик», «Южное Сияние» журналдарында, «Литературная Газета», «Независимая Газета» басылымдарында жарияланған. «Кисточка из пони» (2016), «Осветление» (2021) өлеңдер кітаптарының, балалар мен ересектерге арналған «Сиррекот, или Зефировая Гора» (2019) повесінің авторы. Григорьев атындағы әдеби сыйлықтың, Волошин атындағы байқаудың, «Нонконформизм» сыйлығының финалисті. Ресей жазушылар одағы, Мәскеу жазушылар одағы, Оңтүстік Ресей жазушылар одағының мүшесі. СЭИП Қорының жазушылар форумдарында, Ресей жазушылар одағының кеңестерінде шығармашылық семинарлар жүргізуші. «Формаслов» журналы мен баспасының бас редакторы. #белкавкедах арт-тобының мүшесі.

антон платонов

Аудармашы, зерттеуші, арт-менеджер. СПбГУКИ-дің аударма бөлімін тамамдаған, аудармашы мен жазушы Вера Резниктің шәкірті. 2015 – 2016 маусымындағы Алматылық ашық әдебиет мектебінің поэзия семинарына қатысушы. Ағылшын, испан, неміс тілдерінен заманауи прозаны аударады, битниктер поэзиясын, соның ішінде Грегори Корсо өлеңдерін зерттеп, аударады. Заманауи өнер және философия туралы эсселер жазып, аударады. Аудармалары мен эсселері «Лиterraтура» электронды басылымында, Esquire журналында, Sygma басылымында жарияланған. «Иллюстрированный путеводитель по смыслам Алматы» жобасын жасаушылардың бірі және оның жетекшісі. Ортаазиялық өнерге арналған ariadna.media порталының бас редакторы. Әдеби аударма лабораториясының негізін салушылардың бірі және оның жетекшісі (бұл жоба Қазақстандағы АҚШ Миссиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр). Алматыда тұрады.