«Жеке кеңістік» әңгімелер жинағының тұсаукесері

10 ақпан 2018 жылы (сенбі күні) сағат 12.00-14.00 аралығында, SmArt.Point American Space Almaty әлеуметтік алаңында Жастар Әдебиеті Шеберханасы жұмысының нәтижесінде құрастырылған «Жеке кеңістік» атты әңгімелер жинағының тұсаукесері өтеді.

Жастар Әдебиеті Шеберханасы – Открытая Литературная Школа Алматы, Chevron компаниясы және American Space әлеуметтік алаңының бірлескен жобасы, жас авторларға арналған проза жазудың шеберлік сыныбы. Бұл жоба 2017 жылдың қазан-желтоқсан айларында Алматыда қазақ тілінде бірінші рет өткізілді.

Шеберханада шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанған дарынды 16-25 жасар авторлар шағын проза жазудың заңдылықтарымен танысып, психологиялық, детективті, шытырман оқиғалы, мистикалық әңгімелерді жазуды үйренді.
«Жеке кеңістік» жинағына оқу барысында жазылған үздік әңгімелер енген.

Тұсаукесерге арналған әдеби кеште жас прозашылар өз шығармаларын оқиды, семинар жетекшілері оларға жинақтың авторлық нұсқаларын сыйлайды.

Өткізу орны: SmArt.Point American Space Almaty (Байзақов көшесі, 280, Cәтпаев көшесінің қиылысы, 1-ші қабат).

Келемін деушілерге есік ашық.