Жастар Әдебиеті Шеберханасы

Алматылық Ашық Әдеби Мектептің Жастар Әдебиеті Шеберханасы «Шеврон» компаниясымен және АҚШ Бас консулдығының жобасы American Corner and Maker Space Almaty әлеуметтік алаңымен бірлесе отырып, тыңдаушыларға іріктеу жариялайды.

Шеберханада 15-20 жас аралығындағы жастар шағын прозаны жазуды үйренеді (соның ішінде шытырман оқиғалы, детективті, мистикалық әңгімелерді, достық пен махаббат туралы, табиғат туралы әңгімелерді, қиял-ғажайып ертегілерді), әр жанрдың заңдылықтарымен, көркем шығармалардың композиция түрлерімен танысады, жастар әдебиеті классиктерінің кітаптарын оқып, талқылайды, қазіргі қазақстандық «жаңа толқын» жазушыларымен кездесуге мүмкіндік алады.

Әдебиет шеберханасына үміткерлер шығармашылық байқаудың негізінде таңдап алынады.

Шығармашылық байқауға қазақ тілінде жазылған прозалық шығармалар немесе өлеңдер ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар үміткердің өтінімі және «Неліктен Жастар әдебиеті шеберханасында оқығым келеді?» атты эссе (көлемі 0.5 – 1 бет) бөлек файлдарда жіберілуі қажет.

Байқауға ұсынылатын өлеңдер саны 3-тен, ал прозалық шығарманың көлемі (әңгіме немесе ірі шығармадан үзінді) – 1,5 – 3 беттен аспауы керек.

Байқау жұмыстары 2017 жылдың 20 шілдесінен бастап, 25 тамызына дейін litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.

Әдебиет шеберханасының сабақтары 2017 жылдың қыркүйегінен басталады. Сабақтың басталу күні қосымша хабарланады.

Сабақтар екі айдың ішінде сенбі сайын Алматыда өтетін болады. Бір практикалық сабақтың ұзақтығы – екі сағат (120 минут). Оқыту курсы 8 практикалық сабақты және қазіргі қазақстандық жазушылармен 4 шығармашылық кездесуді қамтиды.
Алматыдан тыс тұратын үміткерлер жол, тамақтану және жатын орын шығындарын өз мойнына алады.

Өтінім нысаны:
Өтінім файлында үміткердің аты-жөні, жасы, оқу орны (сыныбы, курсы, мамандығы), мекен-жайы, байланыс телефоны (үй мен ұялы телефондары), e-mail көрсетілуі тиіс. Мектеп оқушыларының қай ауысымда (бірінші, екінші) оқитынын көрсетуі керек.

Әдебиет шеберханасында білім алу тегін.

Оқыту курсының соңында барлық шығармашылық тапсырмаларды орындаған қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі.

Тыңдаушылардың үздік жұмыстары курстың жинағына енеді. Курс соңында жинақтың тұсаукесері өтеді. Әр авторға бір авторлық дана беріледі.